Астанада Президент атынан Паралимпиада жүлдегерлері марапатталды

Астанада Паралимпиада жүлдегерлері марапатталды. Президент атынан спортшыларға мемлекеттік наградаларды Үкімет басшысы табыстады. Олжас Бектенов ел намысын абыроймен қорғаған азаматтарды айрықша нәтижелерімен құттықтады. Премьер-Министр Паралимпиадалық құрама 9 медаль, оның ішінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, тарихи нәтиже көрсеткендігін еске салды. Мемлекет басшысының қаулысымен еліміздің тарихындағы алғашқы екі дүркін Паралимпиада чемпионы Давид Дегтярев I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Пара-дзюдодан ел қоржынына алғаш алтын медаль салған Ақмарал Науатбек III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Күміс медаль алған мерген Еркін Ғаббасов, суда жүзген Нұрдәулет Жұмағали мен дзюдошы Ерғали Шәмей «Парасат» орденінің кавалерлері атанды. Ал «Құрмет» орденін қола медаль еншілеген – Дастан Мұқашбеков, Зарина Райфова, Даяна Федосова мен Жүрқамырза Шүкірбеков иеленді. Жоғары дәрежелі наградаларды Ұлттық құрамалардың бапкерлері мен спортшылардың жеке жаттықтырушылары да иеленді.

Давид Дегтярев, Паралимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы:

– Париждегі Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғау мен үшін зор мәртебе. Біз осы төртжылдықтың басты спорттық додасында үздік нәтиже көрсету үшін көп еңбектендік. Ал біздің жаттықтырушылар біздің жеңісіміз үшін барын арнады. Мен ел тарихында тұңғыш екі дүркін паралимпиада чемпионы болғаныма әрі мемлекетіміздің халықаралық аренадағы имиджін жақсартуға өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Алда бізді жаңа жетістіктерге жету үшін үлкен жұмыс күтіп тұр.