Қазақстандық шорт-трекшілер тағы жеңіс тұғырынан көрінді. Миланда осы спорт
түрінен өткен әлем кубогының кезеңдік сынында ерлер құрамасы қола медаль жеңіп
алды. Ел спортшылары Харбиндегі IX қысқы Азия ойындарында тарихи алтын еншілеп,
бірден әлемдік додаға аттанғанын айта кету керек. Қазақстандықтар спорт
майталмандарын Астана халықаралық әуежайында бар салтанатпен қарсы алды. Италиядағы
сында олар қытайлық команданың алдын орып, тек алаң иелері мен канадалық
құрамаға есе жіберіп алды. Ұлттық құрама сапында Денис Никиша, Глеб Ивчинко,
Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев өнер көрсетті. Соңғысының айтуынша екі
бірдей халықаралық жарысқа қатысу оңайға соқпағанымен, негізгі мақсат орындалды.
Ел намысы абыройлы қорғалып, халық
сенімі ақталды.
Мерсаид Жақсыбаев, IX
Қысқы Азия ойындарының чемпионы, шорт-тректен әлем кубогының қола жүлдегері:
- Бұл жарыста ең қиыны эмоцияларымызды жеңу
болды. Түрлі сезімдермен күрестік. Себебі Харбинде медаль ұтып, екі сағаттың
ішінде жиналып, бірден әуежайдан Миланға жол тарттық. 11 сағат 15 минут бойы
ұшттық. Италиядағы алғашқы үш күн оңайға соқпады. Өйткені екі қаланың 8
сағаттық уақыт айырмашылығы бар. Осының салдарынан ұйқымызды реттей алмадық. Әрең
жатып, ояну қиын болды. Миымыз қайда жүргенімізді түсінбеді. Осындай күйде
жарысуға тура келді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

