Қазақстандық командалар Көшпенділер ойындарына соңғы дайындықтарын жүргізуде

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 1 аптадан аз уақыт қалды. Алаң қожайыны саналатын қазақстандық құрамалар дайындықтың ақтық кезеңіне көшті. Қазанат ипподромында өткен аударыспақтан жаттығу жиынында Қазақстан Ұлттық құрамасы өз бабында екенін көрсетті. Спорттың бұл түрі бойынша біздің жігіттер 6 салмақ дәрежесінде жүлде алып, кемі 4 алтынды қанжығаға байлаймыз деп отыр. Бұл спортта балуанның күші мен ептілігі ғана емес, мініс аттың бабы аса маңызды.

Жанбатыр Бекмұсаев, Аударыспақтан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері:

- Бұл аттардың барлығын біз Алматыда ұстадық. 2 жарым-3 айдай Алматыда болған. 23 тамыз күні тіке Астанаға келді. Жарыстың басталуына дейін бұлардың уақыты бар 17 күндей. Бейімделу жағы жылқыларымызға дұрыс болып қалады. Бұның барлығы Ел чемпионатында жүрген тұлпарлар.

Түркістан облысы, Төлеби ауданының тумасы Дарын Өткелбай былтырдан бері аудандық жарыстардан іріктеліп, әлем чемпионы деңгейіне дейін жетті. Бүгінде өз салмағында басты үміткер сапында.

Дарын Өткелбай, Аударыспақтан әлем чемпионы, Аударыспақтан Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Бірінші, ресми әлем чемпионаты Қырғызстанда болды. Сол жарыста әлем чемпионы болдым. Ат үстінде жүрген қарсыластарымыз – Қырғыз, Моңғол елдері. Басты қарсыласымыз – қырғыз балуаны деп ойлаймын.

Алтын медальдан «теңге ілуші» спортшыларымыз да үмітті. Бұл спорт жуырда халықаралық федерация болып құрылып, жеке еншісін алды. Ойынның бірыңғай стандарттары бекітілді. Енді «теңге ілу» сайысы 3 стиль бойынша өтеді.

Айбек Түркебай, Республикалық «Теңге ілу» федерациясының директоры:

- Теңге ілу өзіміздің төл спортымыз болғандықтан, өзге елдерде ол қатты дамымаған. Дайындық жоғары деңгейде өтсін деген ниетпен біз Көшпенділер ойындарына дейін екі халықаралық жарыс өткіздік. Сол екі жарыста да біздің теңге ілушілер бас жүлдені берген жоқ.

Айта кетейік, 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен сайыстар өтеді. Дүбірлі додадаға 90-ға жуық елден 3000-ға жуық қатысушы келеді деп күтілуде.