Қазақстандық сарапшылар ядролық энергетика қауіпсіздігі мәселелерін талқылады

Қазақстандық сарапшылар ядролық энергетика қауіпсіздігі мәселелерін талқылады

Қазақстандық ғалымдар ядролық энергетика бағытында конструкциялық материалдарды зерттеп жатыр. Отандық зерттеушілер қазіргі қорғасын, бетон сияқты ауыр металлдардан жасалатын қаптамаларды жеңілдетуге ниетті. Бастысы радиациядан сақтайтын тың әдістерді енгізу. Бұған полимер немесе қыш балама бола алады,-дейді мамандар. Президент Іс басқармасында өткен жиында сарапшылар  бейбіт мақсаттағы атомды қолданудың осы және өзге де  мүмкіндіктерін талқылады.  

Мәлік Қалиақпаров, Ядролық физика институтының ғылыми қызметкері:

- Бейбіт түрде қолданылатын атом мен әскери мақсатқа қолданылатын атомның арасын ажырата білу керек. Екеуі екі нәрсе. Бейбіт атом халық игілігі үшін жұмыс істейді. Қазірдің өзінде медицинада қолданылады. Өндіріс қуатын арттыру үшін бізге жаңа электр генерациялары қажет. Сондықтан АЭС іс жүзінде электр энергиясының баламасыз көзі болып табылады.

Еске салайық Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жолдауында АЭС салуға қатысты жалпұлттық референдум өткізу туралы айтқан болатын. Жалпы жиын барысында сарапшылар Жолдау жүктеген міндеттерді де жан-жақты саралап, талқыға салды.   

Алмас Қанатов, Парламентаризм институтының атқарушы директоры:

-  Бұл 2023 жылғы жолдаумен тікелей байланысты. Себебі, экономикалық даму көрсеткіштері мен әлеуеті, инфрақұрылым және құқықтық мәселе кеңінен тарқатылған. Биылға көзделген жалпыұлттық жоспарға сай оны халыққа жіті түсіндіру үшін 12 бағыт таңдалды. Жалпы ондағы 78 іс- шараның 67-сі үкіметтің орындауына бағытталған. Оның дені әлеуметтік, денсаулық сақтау саласы, ақша-кредит саясатына қатысты оңтайлы өзгерістер енгізуге қатысты болып отыр.