Елордада Цифрлық үкіметті қолдау орталығының жобалары таныстырылды.
Соңғы төрт жыл ішінде мұнда 1300-ден астам үдеріс оңтайландырылып, түрлі салада
20-дан астам цифрлық шешім енгізілді. Олар көлік пен өнеркәсіптен бастап, білім
беру саласына дейін қамтиды. Demo Day аясында мемлекеттік органдар мен
квазимемлекеттік секторда жүзеге асырылып жатқан жобалар көрсетілді. Солардың
бірі - полиция мен соттың қатысуынсыз кішігірім жол-көлік оқиғаларын рәсімдеуге
арналған мобильді қосымша. Соның арқасында сақтандыру төлемін алу уақыты 40
күннен 5 күнге дейін қысқарды. Тағы бір сервис - ұшқышсыз авиациялық жүйелерді
тіркеу қызметі. Енді өтініш беру мен куәлікті рәсімдеу толық электронды форматта
жүзеге асады. Осылайша қызмет көрсету уақыты үш есе қысқарды.
Әлия Оспанова, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының атқарушы директоры:
- Біз күн сайын түрлі министрліктерге, әкімдіктерге және өңірлерге
тиесілі 300-ден астам ақпараттық жүйені қадағалап отырамыз. Олар белгілі бір
деңгейде мемлекеттік жүйеге интеграцияланған. Біздің міндет – ақпараттық
технологиялар саласында нақты не істеліп жатқанын, қалай өзгеріп жатқанымызды,
тағы нені өзгерту қажет және не үшін екенін түсіну. Осы талдау негізінде біз
жобаларды да мониторингтен өткіземіз.
Бахтияр Мұхаметқалиев, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас
директоры:
- Біз қазір өңірлердегі цифрландыруды дамыту
бағытында белсенді жұмыс атқарудамыз. Бірақ атап өтетін
жайт, өңірлерді цифрландыру бойынша біз әр аймақтың ерекшелігін ескереміз.
Мәселен, Қостанай облысы болса, ол жерде агроөнеркәсіптік кешен мен автокөлік
өндірісі дамып жатыр. Сол себепті бағыт та соған сәйкес болуы керек. Ал егер
Қарағандыны алсақ, онда ол – металлургиялық кластер. Сондықтан онда ең алдымен
еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірісті дамыту мәселелері өте
маңызды. Біз осыны қалай жақсартуға болатыны жөнінде ұсыныстар береміз және
салалық министрліктермен бірлесіп, оны жетілдіру жолдарын ойластырамыз.

