Түркістан облысының археологтары шамамен екі мың жылдық тарихы бар ежелгі қорымды тапты. Катакомбалық жерлеу құрылыстары бір емес бірнеше бөліктен тұрады. Олардың бірінен үш метр тереңдікте жатқан ежелгі жауынгердің сүйегі табылған. Онымен бірге көмілген көптеген құнды жәдігерлер археологтардың олжасына айналды.
Александр Подушкин, университет профессоры:
– Бұл жауынгер көшпенділердің ұрпағы. Мұны жерлеу атрибуциясы айғақтайды: бірнеше типтегі темір жебе ұштары, жылқының ауыздығы сияқты ат әбзелдерінің болуы – көшпенділерге тән дәстүр. Жауынгердің сүйегі түгел емес, омыртқасы, қабырғасы мүлдем жоқ. О баста сауытпен жерленген және ол күміс не қоладан жасалған болуы ықтимал.
Мамандардың айтуынша, бір қабір толығымен тоналған, ал екіншісінде ер адамның жерленген жері мен жақсы сақталған асханалық құмыра, сондай-ақ темірден жасалған бұйымдар табылған. Қорымға зиян келтірмеу үшін археологтар тың әдісті қолданды. Олар қабірді аршуға тар дәліз-дромосты пайдаланды. Бұл табиғи ландшафты бұзбай археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Осы жолы Сілбелі шатқалындағы тау алқабы еш бүлінген жоқ.
Гүлмира Стамқұлова, археолог:
– Біз қазба жұмыстарын дромос арқылы жүргіздік, мұндай зираттардың төменгі қабатындағы құрылыс өте қуыс, тар болады. Жалпы мұнда төртінші рет қазба жұмыстарын жүргізіп отырмыз және жыл сайын құнды мұралардың үстінен түсеміз.
Археологтар Сілбелі шатқалының тың жаңалықтар ашатынына сенімді. Сондықтан жұмыс жалғасады. Кезекті экспедиция келесі жылға жоспарланған. Ал табылған олжалар Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұражайына ары қарайғы зерттеуге тапсырылады.