Қазақстандық полиция қызметкері 30 тонналық әуе көлігін орнынан қозғап, рекорд жаңартты

Қазақстандық полиция қызметкері 30 тонналық әуе көлігін орнынан қозғап, рекорд жаңартты

Қазақстандық полицей ұшақты тартудан өзінің 5-і әлемдік рекордын орнатты. Қылмыстық іздеу бөлімінің жедел уәкілі Бауыржан Қамалиев салмағы 32 тоннадан асатын әуе кемесін 10 метрден астам қашықтыққа тартты. Ол өзінің осы жетістігін Ұлттық Ұлан әуе базасында жүзеге асырып, алда келе жатқан кәсіби мерекеге арнады. Ал осы нәтижені ресми түрде Қазақстан рекордтар кітабының өкілі тіркеді.

 

Бауыржан Қамалиев, ҚР ІІМ Әскери-тергеу департаментінің қызметкері:

-Менде тек жұмыс-жаттығу-үй, жұмыс-жаттығу-отбасы ғана бар. Сондықтан да мен үшін бұл сынақ оңай болды. Өйткені, мен әрдайым шымыр болуым керек. Мен барынша отаным, туған жерім үшін қызмет көрсетуге әр уақытта дайынмын.

 

Қуандық Құдайбергенов, ҚР Рекордтар кітабының ресми өкілі:

-Егер қашықтық артқы дөңгелектерден есептелсе шамамен 10 метр шығады. Сондықтан, Бауыржан, ІІМ күштерінің әскери қызметшісі ретінде, полиция қызметкері ретінде сіз бұл ұшақты еңсердіңіз.

 

Айта кетейік, Ұлттық Ұланның ұшақ және тікұшақ паркі әскери қызметкерлерді, гуманитарлық жүктерді тасымалдап, адамдарды қауіпсіз жерге көшіруге арналған. Мәселен, дәл осы ұшақ Түркия, Сирия мен Ауғанстанға сапар шекті. Ол тасқынға қарсы шаралар үшін де пайдаланылды. Авиациялық эскадрилия Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Алматы облысында құрылғанын да айта кеткен жөн. Алайда, 2017 жылы жедел әрекет ету үшін Астанаға көшірілді.

 

Талғат Буланов, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы авиациялық эскадрилия командирінің орынбасары:

-Қазір бізде әуе кемелерінің үш түрі бар. Олар - Ан-74, Ан-26 және қытайлық Уай-8 өндірісінің жаңа ұшақтары, олар жүк тасымалы бойынша 20 тоннаға дейін тасымалдайтын флагмандар. Олар елімізде соңғы кезде болған төтенше жағдай кезінде көп көмек берді. Үлкен нәтиже көрсетті. Су тасқыны кезінде барлық жүк осы ұшақтармен тасымалданды.