Қазақстандық оқушылар инновациялық трендтен қалыс қалар емес. Астаналық оқушы қарды кәдеге жаратудың амалын тапты. Даниал Ысқақов оны техникалық суға айналдырытан жүйе жасады. Жоба тұрмыстық мақсатта пайдаланатын таза ауыз суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Қарғын суды үйге тарататын станция кез келген нысанға орнатуға жарайды дейді, өнертапқыш. Қосымша тіршілік көзі жүйесі баламалы қуат көзімен жұмыс істейді әрі өзге де энергия түрлеріне жалғанады. Қондырғы қуатпен қатар жылуды да үнемдейді. Себебі үйдің жылыту жүйесіне қосылады. Бастысы қыс бойы жиналған қарды сыртқа шығарудың қажеттілігі болмайды.
Даниал Ысқақов, жоба авторы, НЗМ оқушысы:
– Арнайы контейнерге жиналған қар салынады. Бұдан соң қоймадағы қар жылыту жүйесі арқылы ерітіледі. Сұйықтық физикалық фильтрден өтеді. Оны шешіп алып тазартып тұруға болады. Ол су арнайы қойма арқылы өтіп, сорғының көмегімен тұтынушыларға техникалық мақсатта жіберіліп тұрады. Жүйеге арнайы биологиялық фильтр орнатуға болады. Бұл әдіспен толықтай тазарту үрдісінен өткен қардан ауыз су алу мүмкіндігі туады.
Тағы бір елордалық оқушылардың жобасы елдегі дәрілік өсімдіктер жайында толық ақпарат береді. Шипалы шөптердің қасиеттері, қарсы көрсетілімдері, тіпті тұнба жасау мәзірі және тиімді жинау уақытына дейін мобильді қосымша арқылы білуге болады. Ол үшін қажет өсімдікті телефонға түсірсе жеткілікті. Экранда түрлі дереккөздерден жиналған мәліметтер шығады. Әзірге мұнда Ақмола өңірінің дәрілік өсімдіктері қамтылған. Бұл – халық медицинасы саласында сандық технология қолданылған алғашқы қазақ тіліндегі мобильді қосымша. Жоба авторлары оның орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларын әзірлемек ойда.
Диляра Қанатқызы, жоба авторларының бірі, НЗМ оқушысы:
– Біз мобильді қосымшаны жүзеге асыру үшін жасанды интеллектінің бір бөлігі Google тобы жасаған Chapple machine веб қосымшасын қолдандық. Ол жерде біз өсімдікті тануды жүзеге асыру үшін Java тілінде андроид студияда код жаздық. Осы мобилді қосымшамызды әрі қарай дамытқымыз келеді. Яғни, тек қана Ақмола облысына тоқталмай, сондай-ақ Қазаққстанның барлық өсімдіктерін дерекқорға енгізіп, оларды бөліп қоямыз. Қандай өсімдік қай өңірден алынғанын және олардың дәрілік қасиеттерін.