Қазақстандық өнертапқыш жылжымалы су электр станциясын жасап шығарды

Қазақстандық өнертапқыш жылжымалы су электр станциясын жасап шығарды

Қазақстандық өнертапқыш Марат Палмахов электр қуатын өндіре алатын автономды генератор ойлап тапты. Ол өзінің өнертабысын «Мәңгі қозғалтқыш» деп те атайды. Жылжымалы станция тек сумен жұмыс істейді. Алайда, ол үшін судың үлкен көлемі қажет емес. Қалыпты жұмысына кішігірім ыдысқа толған су болса жеткілікті. Бұл қондырғы тоқтаусыз жұмыс істей алады, әрі 380 вольтқа дейін қуат көзін береді. Лезде ашылып, санаулы сәтті жұмысты бастап кететін қасиеті бар. Отандық өнертабыс кез-келген нысанды, шалғайдағы ауылдарды, аудан орталығын электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Оның үстіне, жер суаруға да пайдалануға болады. Осы генераторды жасау үшін Марат Палмахов 10 жылға жуық уақытын сарп еткенімен,  2 апта ішінде жинап шығарған. Барлығы мыс, алюминий, болат – 3 металл түрін қолданған. Оның айтуынша, қондырғы климаттық жағдай талғамай, кез келген жерде жұмыс істей алады.

 

Марат Палмахов, өнертапқыш:

 – Ол жыл он екі ай тәулік бойы жұмыс істей алады. Сондай-ақ, климаттық жағдайға да тәуелді емес. Минус 40, плюс 40 болса да, жұмыс істей береді. Экологиялық таза болғандықтан, жазық далада да, жертөледе де іске қосуға мүмкіндік бар. Себебі, қалдықтары қайта өңделеді.

 

Ілияс Ахметов, инженер:

Қазір біз шарқайрақ пен қол бұрмасын қостық. Әзірге ағашты тесіп жатырмыз. Бірақ, оған кез келген техниканы қосуға болады. Одан бөлек, қуатын 10 квттан 100-ге дейін, тіпті, мегаваттқа дейін арттыруға болады. Жеке үйді ғана емес, кәсіпорынды, бүтін бір ауылды қуатпен қамтамасыз ете аламыз.

 

Отандасымыздың өнертабысы патенттелді. Алдағы уақытта ел аумағында тың жобаны өндіріс жолына қою жоспарланған. Оның үстіне шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Инженер өз өнімінің шетелде сұранысқа ие болатынына сенімді.