Қазақстандық оқушылар жаңбырдан электр энергиясын өндірудің жолын тапты. Шымкенттік жас ғалымдар тамшы негізінде генератор әзірледі. Бірақ оны құрастыруға кіріспес бұрын баламалы энергия көздерін құру жөніндегі әлемдік тәжірибені зерттеп көрген. Өнертабыс арнайы жабынмен өңделген бетке түскен тамшылардың үйкелісінен ток шығаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте судың материалмен өзара әрекеттесуінің арақашықтығы мен ауданын дұрыс есептеу аса маңызды. Сонымен қатар жас өнертапқыштар әдеттегі бөлме температурасында жоғары ылғалдылықты ауадан да электр энергиясын алуға болатынын анықтады. Ноу-хау Алматыда өткен халықаралық конкурста қолдауға ие болды.
Мөлдір Смайыл, №8 мамандандырылған гимназияның оқушысы:
– Бұл генераторды пайдалану өте оңай. Оған тек екі материал қажет. Бұл – жартылай өткізгіш пен электрод. Бұл энергия алу үшін жеткілікті. Экожүйеге зиян келмейді.
Бүгінгі таңда оқушылар технологияны жетілдіру үстінде. Болашақта оны өзендер мен көлдердің маңында қолдануға болады. Әзірге тек шағын қуат ғана өндіре алады. Бірақ бұл күн батареяларын пайдаланудан 10 есе арзан. Яғни болашақта күннен энергия алатын панельдерге балама бола алады.
Юрий Грязнов, № 8 мамандандырылған гимназияның физика пәнінің мұғалімі:
– Бір кездердегі электр магниттік толқындарды тарату мүмкіндігі бүгінгі таңда ұялы телефон түрінде қолданыла бастады. Сондықтан біз бұл тек басы ғана деп толық айта аламыз. Оқушыларымыздың өнертабысы алдағы уақытта ғылым мен тарихқа үлкен жаңалық әкелетін жоба боларына сеніміміз мол.
Жеңіс Ермұқанов