Өткен оқу жылы қазақстандық оқушылар үшін олжалы болды.
Олар ең беделді пәндік олимпиадаларға қатысып, ел қоржынын 465 медальмен
толықтырды. Жалпы құрама 25 халықаралық жарыс пен ғылыми жобалар байқауына
қатысты. Қыркүйектен тамызға дейін оқушылар 56 алтын, 167 күміс және 242 қола
жүлдеге ие болды. Қазақстандық жас дарындар жаратылыстану-математика,
қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар, сондай-ақ лингвистика, экономика және философия
пәндері бойынша өз білімдерін сынап көрді.
Айгүл Қарқұлова, «Дарын» РҒПО директорының орынбасары:
- Бүгінгі таңда оқу-жаттығу жиындары отандық, сондай-ақ
шетелдік мамандарды тартумен өткізілуде. Оқу жылының соңына дейін география
бойынша біздің құрама команда, сондай-ақ информатика бойынша құрама команда
тамыз айының соңында және қыркүйектің басында өтетін олимпиадаға қатысады. Бұл
жарыста да біздің оқушыларымыз өте жақсы нәтиже көрсетіп, жақсы нәтижелермен
келеді деп үміттенеміз.
Балалардың халықаралық
жарыстарға дайындығын күшейту үшін алдағы уақытта жеңіс жолынан өтіп,
халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері атанған жаттықтырушылар қауымдастығын
құру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, елімізде де, шетелде де қарқынды
оқу-жаттығу жиындарын өткізуге ерекше назар аударылады.