Қазақстандық оқушылар суды сақтау бойынша инновациялық шешімдер ұсынды

Қазақстандық оқушылар суды сақтау бойынша инновациялық шешімдер ұсынды

Қазақстандық оқушылар су ресурстарын сақтауға бағытталған инновациялық жобалар әзірлеуде. Мысалы, Алматыдағы гимназиялардың бірінің оқушысы Дана Қадырбек ауадан ауыз су алуға арналған құрылғы жасады. Тіршілік нәрін жинау заманауи наноматериалдарды пайдалана отырып, тікелей атмосферадан жүзеге асырылады. Металл-органикалық каркастар су молекулаларын ұстап, оларды конденсациялайды және электр көмегінсіз суға айналдырады. Құрылғының жұмыс істеуі үшін тек күн энергиясы ғана қажет. Болашақта автор жобаны кеңейтіп, оны сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

Дана Қадырбек, Алматы қ. гимназиясының оқушысы:

- Мен наноматериалдар синтезін жасаймын, бұл құрылғының негізгі компоненті. Және бұл құрылғы толығымен энергияға тәуелсіз болғандықтан пайда әкеледі. Ол тек күн энергиясымен жұмыс істейді, ал адамдар осы құрылғының көмегімен таза ауыз су алады.

Жоба БҰҰ-ның Венадағы штаб-пәтерінде өткен Cleantech Days 2026 форумында таныстырылды. Дана - ғарыш технологиялары бойынша халықаралық конкурстардың, АҚШ, Индонезия және Оңтүстік Кореядағы жарыстардың жүлдегері. Ал өткен жылы оқушы Су ресурстары және ирригация министрлігімен өз өнертабысын пилоттық енгізу туралы меморандумға қол қойды. Салалық министрлік астаналық оқушы Жәңгір Әбуовтың жобасын да қолдады. Ол «су ізін» есептеуге арналған интерактивті платформа әзірледі, бұл өнертабыс суды тұтынуды - тұрмыстық шығындар мен жанама пайдалану, азық-түлік тұтыну мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді. Бұдан әрі осы деректер негізінде үнемдеу жөніндегі ұсыныс беріледі. Министрлік атап өткендей, мұндай бастамалар ерте жастан суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады. Бұл бағыттағы жұмыс бүкіл ел аумағындағы білім беру және экологиялық бағдарламалар аясында жүргізілуде.

Жәңгір Әбуов, Астана қ. мектеп-гимназиясының оқушысы:

- Бірінші кезектегі мақсатымыз – азаматтардың осы мәселе бойынша танымын кеңейту. Адамдар су тапшылығы туралы хабардар болған сайын, оны үнемдей түседі. Үнемшілдік - біздің екінші мақсатымыз. Адамдар жай ғана су жетіспеушілігін біліп қана қоймай, өз өмірлеріне жаңа әдеттер енгізуі тиіс.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?