Қазақстандық шебер бірегей киіз үйлер жасауда. Ол өзінің әдісін дәстүр мен инновацияның қосындысы деп атайды.
Алматылық Марат Бексұлтанов бүгінде 100-ден астам киіз үйді дайындаған. Олардың ішкі құрылысын толықтай экологиялық таза өнімдерден жасайды. Ал, шаңырақтың орнына акрилден жасалған күмбез қолданылады. Технологиялық жаппа да жеңіл ашылып, жабылады. Жалпы, бұл киіз үйлер бар болғаны 20 минут ішінде жайылады. Ал, жиналғанда қалыңдығы 60 см қаптамаға сыйып кетеді.
Марат Бексұлтанов, шебер:
- Бұл жерде сыртқы әрлеуі жағынан ерекшеліктер бар. Заманауи тілмен айтқанда экстерьер дейді ғой. Өте ыңғайлы терезе орнаттық. Оның үстіне, сырты да өте жылдам алынып, салынады.
Киіз үйдің барлық нұсқалары ерекше, әрі олардың орнын толтыру мүмкін емес. Олар мерекелік шараларда, бейнеклип пен кино түсірілімдерінде қолданады. Әсіресе, тарихи түсірілімдерде орны ерекше. Шебер қазірдің өзінде ойлап тапқан инновациялық технологиясын патенттеп алған.
Марат Бексұлтанов, шебер:
- Шарнир деген элемент ойлап таптық. Адамның тізе мен шынтақ дене мүшелері сияқты мұнда да кереге, уықтары бар. Біз оларды өте жылдам жиналып, жайылатындай ыңғайлы етіп жасадық.
Марат Бексұлтанов өзінің жаңа әдісі қазақ үйді жинауды одан әрі жылдам әрі тиімді ететініне сенімді. Оның үстіне, материалдардың сапасы мен дәстүрлі әдістерге еш нұқсан келмейді. Шебер өз ісін одан әрі жандандырып, шетел нарықтарына шығуды жоспарлап отыр.