Қазақстандық оқушылар Сауд Арабиясында химиядан өткен халықаралық турнирден жүлделі оралды. 56-рет өткен International Chemistry Olympiad білім бәйгесіне қатысқан 4 қазақстандық 90 елден келген білімді де, дарынды қатысушыларды шаң қаптырып, үздік үштіктен көрінді.
Мәселен, Әділжан Молдағұл 3 орын иеленсе, Абылай Қабдұлхадыр 2 орынға табан тіреді. Ал, Ринат Елеусізов пен Кирилл Ким алтыннан алқа тақты. Абылай мен Кирилл Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары. Оларды Астана Халықаралық Әуежайында сыныптастары қарсы алды.
Кирилл Ким, INTERNATIONAL CHEMISTRY OLYMPIAD жеңімпазы
– Менің дайындық жолым жоспарға сәйкес, сатылы түрде жүргізілді. Мен үшін дайындықта ең маңыздысы – оның қарқыны емес, тұрақтылығы болды. Сондықтан, ешқандай қиындық болмады. Жай ғана бір орында отырып, дайындалу керек. Бірде-бір күн химияны ұмытқан жоқпын. Ең кемі бір сағат уақытымды арнап отырдым.
Абылай Қабдұлхадыр, INTERNATIONAL CHEMISTRY OLYMPIAD жеңімпазы:
– Мен үшін Олимпиада қиын болды. Себебі, теориялық және практикалық тапсырмалар әр түрлі болды. Ешкім сол тапсырмалардың болатынын білмеді және алдыңғы жылдардағы тапсырмаларға ұқсаған жоқ.