Қазақстанда ғылым саласында мемлекеттік қызметтің 12 түрі онлайн форматта қолжетімді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл бағытта көрсетілген қызметтің 95% электрондық үлгіде жасалған. Бұл жөнінде салалық министрлік мәлімдеді. Мамандардың дерегінше, цифрлық трансформация шеңберінде ең көп сұранысқа ие 19 бизнес-процестерге реинжиниринг жүргізілді. Осының нәтижесінде кәсіпкерлік үрдістердің тиімділігі 70% өскен. Олар ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті аккредиттеу туралы куәліктер беру, сондай-ақ, ғалымдарды ынталандырумен байланысты. Бұған қоса «Astanahub.com» базасында «Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі» іске қосылды. Мұнда ғалымдар, әзірлеушілер мен зерттеушілер мемлекеттік қолдаудың барлық негізгі шараларына бір жерден қол жеткізе алады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі ғалымдар, стартаптар және бизнес қолдау алып, бір цифрлық платформада тиімді өзара әрекеттесу үшін, олардың қажеттіліктерін ескере отырып, әртүрлі қолданушыларға шешімдер ұсынады. «Astana Hub» экожүйесінде deep tech саласында өнімдерді дамытатын және айтарлықтай ғылыми базасы бар стартаптар қалыптасты. Кейбір компаниялар өз әзірлемелерін монетизацияға сәтті шығарып, 10,6 млрд теңгеден астам табыс тауып, жүздеген жұмыс орындарын құрды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

