Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Президент тапсырмасына сәйкес Халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен жүздесті. Айта кетейік, биыл еліміздің білімді оқушылары әлемнің түрлі елінде зияткерлік білім додаларында 26 медаль иеленді. Ерлан Қарин ел абыройын асқақтатқан дарынды жастарды құттықтап, олардың қазақстандық жастар үшін қажырлы еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық арқылы табысқа жетудің үлгісіне айналғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Депутаттар форумында спортшыларға ғана емес, зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына да лайықты құрмет көрсетуге шақырғанын еске салды. Бұл ретте Қазақстан – білім олимпиадасы жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық ретінде қолдау көрсететін санаулы елдің бірі. Ерлан Қарин жастарға елімізде өзін жан-жақты жетілдіруге барлық жағдай жасалғанына, әсіресе, білім мен ғылым саласында мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды.
Жеңіс Ермұқанов