Қазақстанда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізіледі. Президенттің тапсырмасы бойынша 2029 жылға дейінгі кешенді жоспар әзірленді. Үш жыл ішінде пилоттық жобаға қатысатын 500 мектеп іріктеліп алынды. Алғашқы кезең 1 қыркүйекте Қызылорда және Павлодар облыстарының мектептерінен басталады - AI-шешімдер математика, сандық сауаттылық және ана тілі сабақтарында сынақтан өтеді. Сонымен бірге, дербестендірілген оқытуды және білім алушылардың жеке деректерін қорғауды қамтамасыз ететін ұлттық AI-білім беру платформасы енгізіледі. Бүгінде 350 мыңнан астам педагог оқу процесінде жасанды интеллектіні тиімді қолдану бойынша арнайы оқытудан өтіп, жасанды интеллектіні білім беру процесінде белсенді пайдалануда. Сондай-ақ Олжас Бектенов жазғы маусымда жаңа Конституцияны және AI негіздерін практикалық тұрғыда зерделеуге арналған оқу бағдарламаларын әзірлеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі
- Балалармен және жасөспірімдермен тәрбие жұмысының маңызына ерекше көңіл
бөлу керек. Жаз маусымында жаңа Конституция мен жасанды интеллект негіздерін
білім беру жүйесінде оқытуға арналған барлық оқу бағдарламалары мен әдістемелік
ұсынымдарды әзірлеу жұмыстарын аяқтау қажет.
Биыл Қазақстанда оқу жылын 4 млн жуық оқушы
аяқтады. Үкіметте олардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Шәкірттерді сауықтыру бағдарламаларымен қамтитын 11 мыңнан астам балалар
орталықтары мен лагерьлер жұмыс істейтін болады. Жеткіншектер мұражайларға,
театрларға, кітапханаларға және мәдени орталықтарға тегін бара алады. Олжас
Бектенов олардың тізімін кеңейтуді тапсырды.

