2024 жылы қазақстандық оқушылар білім сайысында әр түрлі дәрежеде 563 медаль жеңіп алды. Оның 77-і – алтын, 200-ден астамы – күміс, 285-і – қола. Барлығы 1800-ден астам оқушы еліміздің намысын 35 халықаралық олимпиада мен байқауда қорғады. Елдің Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оқушылар робототехникадан Сингапур, Қытай, Грекия және АҚШ-та өткен халықаралық чемпионаттарда жоғары нәтижелер көрсетті. Сонымен қатар олар Балқан түбегінің ең үздік математиктері қатарынан көрінді. Робототехника бойынша «First Global Challenge» әлем чемпионатында қазақстандықтар 190 елдің өкілдерін басып озып, жаһандық аренада өздерінің көшбасшылығын тағы да дәлелдеп, үш дүркін чемпион атанды.
Нұрлан Жұмагелді, «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары:
- Бұл үлкен жақсы жетістік. Сонымен қатар әлемдегі ең үлкен 7 олимпиада деп айтамыз ғой. Математика, физика, химия, биология, информатика, география, лингвистикадан біздің барып елдің намысын қорғаған 31 оқушының 26-сы жүлделі орындарға ие болды. Енді алдағы жаңа жылда, келер жылда, біз осындай үлкен жетістіктерге жетеміз деп есептейміз. Амандық болса, үлкен халықаралық «Жәутіков» олимпиадасымен жылымызды бастаймыз. Қазақстандық дарынды балаларға, ата-аналарға, ұстаздарға, еліміздің жалпы азаматтарына сәттілік тілейміз!
Авторы: Әсел Күшенғалиева

