Астанада INESS-2024 наноматериалдар және энергия сақтаудың озық жүйелеріне арналған 12-ші халықаралық конференция өтіп жатыр. Қазақстан, Жапония, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Ресей ғалымдары аккумулятор өнеркәсібінің перспективалық бағыттарын талқылауда.
Конференцияның негізгі фокусы – батареяның ең аз көлемі мен салмағын сақтай отырып, энергия сыйымдылығын арттыру әдістеріне, сондай-ақ оларды өндіру кезінде технологиялардың қауіпсіздігі мен экологиялылығын арттыруға бағытталған. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жаңашылдықтар келешекте батареяның өзіндік құнын едәуір төмендетіп, энергияны сақтау жүйесінің артуын қамтамасыз етеді. Конференция Назарбаев Университетінің отандық ғалымдары мен студенттері және халықаралық ғылыми қоғамдастық өкілдері арасындағы ынтымақтастық тұғырнамасы болып табылады.
Жұмабай Бакенов, Инженерия және сандық ғылымдар мектебінің профессоры:
– Конференцияның ауқымы кеңейді, бастапқыда біз оны аккумуляторлар төңірегінде бастадық, бірақ қазір конференцияға сенсорлар, жартылай өткізгіштер, сутегі энергетикасы, жаңартылатын энергетика, басқа да салалар бойынша секциялар кіреді. Қазақстанда литий-ионды аккумуляторлар үшін маңызды материалдар өте көп, бұл біріншіден никель. Біз әлемдегі құрамында никель бар материалдардың ең ірі өндірушілерінің бірі болып табыламыз. Біздің топ Назарбаев Университетінде орналасқан және қолымызда қажетті технологиялар бар. Қазір оларды ұсынып, компаниялармен сөйлесіп жатырмыз.
Сун Су Ким, Чунгнам Ұлттық университетінің профессоры:
– Энергияны сақтау – адамзат үшін басты міндет. Сондай-ақ, оны тиімді пайдалану – өте маңызды мәселе. Мысалы, біз батареяларды энергияны сақтау үшін құрылғы ретінде пайдаланамыз, сондықтан оны тиімді және қауіпсіз пайдалану маңызды. Бұл бізге наноматериалдарды өзіміздің қажеттіліктерімізге сәйкес әзірлеп, батареялар үшін материалдарды үнемі зерттеп отыру қажеттігін білдіреді. Материалдар тұрғысынан Қазақстан литий, никель және кейбір өтпелі металдар сияқты табиғи ресурстардың арқасында айтарлықтай басымдыққа ие. Біз екі ел – Корея мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз.