Голливудты бағындырған музыка! Қазақстандық композитордың шығармалары АҚШ-та танымал бола бастады. Сергей Азбель – бүгінде «Мулан», «Капитан Марвел», «Құмырсқа адам», «Щелкунчик» және өзге де танымал туындылардың трейлерлерінде шырқалатын әуендердің авторы.
Алайда Голливудтың әйгілі компанияларымен ынтымақтастық орнату, оған қоса табысқа жету – оңайлықпен келмеген жетістік. Бастапқыда еңбек жолын Сергей Азбель әуен әрлеуші ретінде бастап, компьютерлік ойындарға музыка жазған. Ал музыканттың арманы асқақ еді.
Сергей Азбель, композитор:
- Мен трейлерге әуен жазатын композиторлар тобына түстім. Ол жабық түрде жұмыс істейтін топ болғандықтан, оған мүше болу қиын. Біртіндеп бар күшімді салып өз жұмысымды көрсете бастадым. Кейінірек лейблмен ынтымақтастық орнатып, жұмыстарымды оңынан көрсеттім. Осылайша басталып кетті. Мені тани бастады және музыкамен айналысатын басқа ірі компаниялардан шақыртулар алдым. Олар Голливудқа арналған трейлер музыкаларды жазатын.
Бұл қазақстандық композитордың мансабындағы жаңа кезеңнің бастауы болды. Сергей Азбельдің музыкасын таңдап, оған лицензия бере бастады. Бүгінде музыканттың Алматыға көшіп келгеніне қарамастан, шетелдік компаниялармен жұмысы жалғасуда.
Сергей Азбель, композитор:
- Қазір менде «Universal Music Group»-қа дайындалған бірнеше альбомым бар. Бұл – гитаралық гибридті альбом, мен оны мамыр айының соңына дейін аяқтауым керек. Сондай-ақ біз «Easy tracks» атты американлық лейблге арналған альбоммен жұмыс жасаудамыз. Бұл – драма, қылмыс пиано стиліндегі музыка, яғни қылмыстық фильмдерге сай келетін фортепианолық тректер.
Дарынды композитормен жұмыс істеу мүмкіндігі қазақстандық кино саласының мамандарында да пайда болды. Сергейдің айтуынша, отандық компаниялардан бірнеше қызықты ұсыныс келіп түскен. Тіпті музыкант бірнеше әуенді дайындап, продюсерлердің қарауына жіберіп үлгерген. Өз кезегінде олар оң бағасын берді.
Авторы: Ақзер Сегізбай