«Хиуа – түркі мәдениетінің астанасы». Түркияның Ыстамбұл қаласында ашылған фотокөрме осылай аталады. Көрмеге ежелгі Жібек жолының бойында қаланың өткені мен бүгінінен сыр шертетін экспонаттар қойылды. Хиуа шаһары 2020 жылы «түркі дүниесінің мәдени астанасы» деп танылған еді. Мұндай шешім Ош қаласында өткен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына мүше елдердің тұрақты кеңесінің 37-ші отырысында қабылданған болатын. ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлы өз сұхбатында: «Бұл фотокөрме – алдағы үлкен шаралардың бастауы», – деді.
Дүйсен Қасейінов, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:
- Негізі 2020 жылы өткіземіз деп жариялағанбыз, бірақ болмады. Енді осы қыркүйек айында өткіземіз деген оймен алдын ала жарнамасын жасап жатырмыз. Қарасаңыз, Хиуаның фотокөрмесін және оған қоса Өзбекстанның басқа қалаларын да қостық. Жалпы Өзбекстанның бүгінгі күйін көрсетуге тырыстық.
Аталмыш көрме түркітілдес мемлекеттердің тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ыстамбұлдан өзге Түркияның Қараман, Ниде және Ортахисар қалаларында да көпшілік назарына ұсынылды.
Динара Ибрагимова, Өзбекстан елінің өкілі:
- Біз бұл көрмеге smart-музей алып келдік. Ол заманауи жаңа дүние болып табылады. Сондай-ақ буклеттер, экспонаттар, мұның барлығы өзбек халқының тарихынан, ежелгі оқиғаларынан сыр шертеді. Сонымен қатар қолөнер шеберлеріміздің жасаған бұйымдарын алып келдік. Осылайша біз өз салт-дәстүрімізбен, бай тарихымызбен жұртшылықты таныстырғымыз келді.