Түркі әлемінің тұлғаларын әлемге таныту. Нұр-Сұлтанда халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының бірлесіп ұйымдастыруымен Әзербайжанның танымал ақыны, парсы поэзиясының классигі Низами Гәнжауидің 880 жылдығына арналған арт-альбом мен көрменің тұсаукесері өтті. Бұған дейін мұндай арт-альбом түркі әлеміне танымал тұлғалар, оның ішінде қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына, Шыңғыс Айтматовқа, Олжас Сүлейменовке арналып шығарылған.
Дүйсен Қасейінов, халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы:
- Біз Низами Гәнжауиді жалғыз Әзербайжан философы, ақыны деп тойламаймыз. Оны «Түркі әлемінің Низамиі» деп тойлаймыз. Сондықтан жыл бойы конференциялар мен көрмелер өткізіліп, кітаптар шығаралып жатыр. Бұл альбом сериядан шығып отыр. Енді мына альбом түркі әлемінің суретшілерінің Низамиді оқып, одан әсер алып жасаған туындыларынан қалыптасқан. Бұдан кейінгі іс-шараларда осы альбомды Еуропаға да, Америкаға да таратуға тырысамыз.
Арт-альбомда әр суреттің өзіне тән тарихы бар. Себебі ол картиналарды ақынның шығармаларынан шабыт алған суретшілер салған. Кітапқа бүгінде 100-ден аса туынды енген. Алайда көрмеге ондағы туындылардың бірең-сараңы ғана қойылған. Айта кетейік, елордалықтарға таныстырылған арт-альбом алғаш Әзербайжанның астанасында тұсауы кесілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кітаптың келесі таныстырылымы Австрияның Вена қаласында өтеді.
Авторы: Ақзер Сегізбай