Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ауданы 31 млн гектарға дейін ұлғайды. Экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, бұған тәуелсіздік жылдары қолға алынғандарын кеңейту және жаңаларын құру сеп болды. Қар барысының санын қайта қалпына келтіру бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылданып, олардың негізгі тіршілік ету учаскелерінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылды. Есепке алу және мониторинг жүргізудің заманауи әдістері, фототұзақтар мен спутниктік телеметрия белсенді қолданылады.
Ерлан Нысанбаев, ҚР
Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Қар барыстарын
қорғау және мониторинг жүргізу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде
олардың саны 90-шы жылдардағы ең төменгі деңгейден екі есеге артып, 180 басқа
дейін жетті. Жануардың бұл түрін сақтап қалу жұмыстары жалғасуда.
Трансшекаралық және халықаралық ынтымақтастық белсенді даму үстінде.
Қазақстанда
Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, Нидерландыдан 2 жолабрыс
әкелінді. 2025 жылы олардың қатары толығады деп күтілуде. Ресейден тағы 3-4-уін
әкелу күтілуде. Сондай-ақ, Керқұланды қайта жерсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Осы мақсатта Чехиядан алғаш рет 7 бас Пржевальский жылқысы әкелінді. Жалпы,
2029 жылға дейін, 40 бас жылқы әкелу жоспарланған. Елімізде жануарлар дүниесін
қорғаудың сәтті тәжірибесінің мысалы – киік популяциясының өсуі. Бүгінде
олардың саны 3 миллионға жуықтаған. Қазір ителгіні өсіру мәселесіне ерекше
назар аударылуда. Ведомство сұңқар тектес құстың саны мен оны қоршаған ортаға
жіберудің тиімділігін бағалау бойынша екі ғылыми-техникалық бағдарлама
әзірледі.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Қазіргі уақытта
біз Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысында осы бағдарламалардың
қаралуын күтудеміз, содан кейін Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына
шығарылады. Бұған қоса, сұңқар популяциясын тиімді қалпына келтіру үшін
жек-дуадақ үлгісінде ителгіні өсіру орталығын құру қажет. Қазіргі уақытта біз
бұл мәселені халықаралық серіктестермен бірлесіп қарастырудамыз.
Ал, Қазақстанда жануарлардың Қызыл кітабы жаңартылады. Жаңа тізбеде алғаш рет Халықаралық табиғатты қорғау одағының критерийлеріне сәйкес жүргізілді. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлер бойынша электрондық дерекқор құрылды және ресми веб-портал әзірленді. Бұдан басқа, зоологтар мен филологтардан тұратын Терминологиялық комиссия құрылды. Олардың міндетіне жалпыға ортақ қазақ жануарларының атауларын нақтылау кіреді.
Авторы: Әсел
Күшенғалиева

