Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығының жұмысымен танысудан басталды. Мұндай нысан аймақта алғаш рет салынып отыр. Орталық өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұтынушылармен арадағы делдалдарды азайту және өнім бағасын төмендету мақсатында бой көтерген. Аумағы 80 мың шаршы метр болатын кешенде 40 мың тонна өнім сақтауға болады. Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін орталықтың екінші кезеңін іске қосу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аумағында орналасқан технопарк жұмысымен танысты. Президент халықаралық бағдарлама бойынша ІТ-мамандарды даярлайтын оқу аймағын және цифрлық әрі телекоммуникациялық құзыреттерді дамытуға бағытталған зертхананы аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен әңгімелесу кезінде жаңа технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарын дамыту өзекті болып отырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде көлік-логистика саласының білікті мамандарына сұраныс жоғары.
Бұл - BS Arena көпфункционалды спорт кешені. Мұнда волейбол, баскетбол алаңқайлары, футзал, жабық және ашық теннис корттары, бассейн, жекпе-жек түрлері мен фитнеске арналған залдар, сондай-ақ футбол алаңы бар. Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті спортшылармен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің транзиттік әлеуетін дамытуда маңызды логистикалық хабтың бірі - Ақтау халықаралық теңіз портына барды. Мұндағы заманауи терминал Шығыс - Батыс, Солтүстік - Оңтүстік бағыттары бойынша тәулік бойы жүк тиеу мен түсіру қызметін ұсынады. Өңірде құны шамамен 2 триллион теңге болатын 24 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Ақтауда контейнерлік хаб салынып жатыр. Жоба порттың жүк өткізу қабілетін арттырады. Мемлекет басшысы Кендірлі курорты аумағындағы әуежай құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды. Қазақстанды Еуразияның көлік-логистика хабына айналдыруда аймақтың алатын орны ерекше. Өйткені бұл міндеттің стратегиялық маңызы зор.

