Қазақстандық бірқатар Ай-Ти
жобалар инвестиция тартып жатыр. Сәтті коммерциаландырудың айқын көрінісі
ретінде Alaqan контактісіз төлем жүйесін айтуға болады. Оның арқасында транзакцияларды
биометрия технологиясын қолдана отырып, алақан тамырларын тану арқылы жүзеге
асыруға болады. Alaqan жүйесінде 100 мың белсенді пайдаланушы бар. Ал,
тартылған инвестиция көлемі 300 мың доллардан асты. Кремний алқабында акселерациядан
өткен жоба Қазақстанда мектептердің бірінде сәтті қолданылуда. Әзірлеушілер
стартапты елде және шетелде одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда
отандық әзірлемеге Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Түркия елдері
қызығушылық танытуда. Жасанды Интеллект саласындағы тағы бір жаңалық – Arlan
Biotech. Стартап медицина мен фармацевтика саласы үшін маңызды жаңалық. Жоба наноденелер,
диагностикалық тест жүйелерін құруда, сондай-ақ онкологиялық және аутоиммунды
ауруларды зерттеу және емдеу процесінде қолданылады. Отандық стартап-жобалармен
Премьер-министр танысты. Олжас Бектенов бірқатар отандық әзірлемелерді көріп, ғылыми
жобаларды коммерцияландыруды арттыру және экономиканың нақты секторымен
ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады. Естеріңізге сала кетсек,
мемлекет басшысы 2026 жылға қарай IT-қызметтер мен өнімдер экспортының жылдық
көрсеткішін 1 млрд долларға жеткізуді тапсырды.
Мағжан Мәдиев, «Astana
Hub» бас
директоры:
– Мемлекет басшысы
Қазақстан Ай-Ти саласы қарыштап дамыған ел болуы тиіс екендігін айтты. Бүгінде
Астана Хаб технопаркі Ай-Ти саласында қабілеті жоғары жандардың стартаптарын
қолдап келеді. Бұл жұмыс тоқтамақ емес. Осы уақытта айтар болсақ, 1400 Ай-Ти
саласындағы компания біздің резиденттеріміз. Олардың 2023 жылғы табысы 400 млрд
теңгені төңіректеді. Олардың ішінде 120 компания жасанды интеллект саласында
жұмыс істеп жатыр.