V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін үздік аңшы құстар дайындалып жатыр

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстанның тағы бір Құрамасы қызу дайындық үстінде. Щучинск қаласында қырағы құстарды пайдаланатын спорт түрі – құсбегілік бойынша оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр. Соңғы жаттығу Астана қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланған. Негізгі сайыс Елорда ішіндегі «Қазанат» ипподромының жанындағы Этноауылда 12-13 қыркүйек күндері өтеді. Қазір 9 спортшы бүркіт, сұңқар, қаршығаларын баптап, аңшылық машығын жетілдіріп жатыр.  

Ибрагим Базарбаев, құсбегілік бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:

– V Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындарына дайындалып жатырмыз. Бар білгенімізді, атадан қалған өнерімізді, бар білімімізді осыған салып жатырмыз. Қарсыласымыз Еуропа, Түркі елдері болатын сияқты. Білетініміз, қырғыз бауырларымыз, Моңғолиядан келетін сияқты. Түркиядан келетін командалар бар деп естіп жатырмыз.  

Серікбек Күнтуғанұлы, құсбегілік бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:

– Олар жаз бойы түлекте болды. Қазір олардың етін тартып, дайындап жатырмыз. Қазір бізде 3 бүркіт, 3 қаршыға болайын деп жатыр. Мен осы Алғыр дейтін бүркітпен қатысамын.