Қазақстандық колледж студенттеріне Германияда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі

Қазақстандық колледж студенттеріне алмасу бағдарламасы бойынша Германияда оқуға мүмкіндік беріледі. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, немістің «Болашақ үшін кәсіби кадрларды дамыту және даярлау» қауымдастығымен келісімге қол жеткізілді. Тараптар Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Қазақстандық студенттерге Германияның 60 мың өндірістік кәсіпорнының кез келгенінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін дуальды білім беру бағдарламасына ерекше назар аударылады. Бағдарламаға республиканың мемлекеттік қана емес, жеке меншік колледждерінің студенттері де қатыса алады. Нәтижесінде, жас қазақстандықтар оқу кезінде кәсіби дағдыларға ие болып, өздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.

Асет Мұханбетов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі департаментінің директоры:

– Қазіргі уақытта Тюренгий қаласындағы колледждермен ынтымақтастық мәселесі пысықталуда. Олардың білім беру  моделін зерделеп, академиялық ұтқырлығымызды пайдаланғаннан кейін алмасу бағдарламасына мектеп түлектерімен қатар мемлекеттік емес жекеменшік колледждердің студенттері де қатыса алады. Сондай-ақ колледж ұстаздары үшін оқыту семинарларын өткізуді жоспарлаудамыз.