Цифрлық теңге 2027-ші жылдан бастап жаппай қолданысқа енеді. Бұл туралы
Үкіметте сандық үлгідегі ұлттық валютаның көмегімен ақшаны таңбалауға және
қадағалауға байланысты қанатқақты жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жиын
барысында айтылды. Жалпы бүгінге дейін айналымға 257 жарым млрд цифрлық теңге
шығарылған. Ол оннан астам бағыт бойынша сыналды. Атап айтқанда, цифрлық қосымша
құн салығын қайтару мерзімін 75-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, жолдарды жөндеуге арналған қаражатты таңбалау үшін де пайдаланылуда.
Бұдан басқа, «Ауыл аманаты» шағын несиелеу бағдарламасы аясында қаражатты
уақытша бұғаттау тетігі сынақтан сәтті өтті. Жүйе жылжымайтын мүлікпен көлікке қатысты
мәмілелер жасау, мектептегі тамақтану, АӨК мемлекеттік несиелеу құралдары
сияқты басқа да бағыттарда пысықталып жатыр. «Төлемдер және төлем жүйелері
туралы» заңға, бірқатар түзетулер дайындалған. Премьер-министр жақын арада
Ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын кемінде 100 ірі жобаны «цифрлық
теңге» форматына ауыстыруды тапсырды.
Бинұр Жаленов, ҚР Ұлттық банкінің цифрлық
трансформациялау жетекшісі:
- Біз түрлі мемлекеттік шығындардың көптеген түрлеріне осы технологияны
пайдалануды кеңейту жолдарын талқыладық. Бұл қатарда инфрақұрылымдық,
әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың құрылысы бар. Бұл тетікті бизнес пен
халық үшін мемлекеттік қолдау шаралары, субсидиялар бағытында қолдану
көзделген. Әңгіме нақты мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталатын қаражаттың мақсатты
жұмсалуы туралы болып отыр. Бизнес пен азаматтар үшін қолайлылық тұрғысынан біз
оны осылайша құрып жатырмыз. Бұл банк құпиясына да, жеке деректердің сақтығы
үшін де қауіпсіз әрі қолайлы құрал. Сандық теңге жалпы 2023 жылдан бастап
айналымға енгізіле бастады. Бүгінде біз пилоттық форматта жұмыс істеп жатырмыз.
Қазір ол түрлі мемлекеттік шығыстарда сыналуда.

