Президент Қытайға жұмыс сапары аясында State Power Investment Corporation компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Лю Миншэнмен кездесті. Тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде жаңартылатын энергия көздеріне негізделген серіктестік перспективасын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа China Power International Holding еншілес компаниясының Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Соңғы бес жылда елімізде жел және күн электр станциялары салынды. Сондай-ақ Жамбыл және Павлодар облыстарында қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салу бойынша жаңа жобалар іске асырылуда. Бұл жобаларға 1 млрд доллардан астам инвестиция бағытталған.
Сонымен қатар алдағы уақытта Қазақстанда ауқымды гидроэнергетикалық жобалар мен бу-газ турбиналарын салу жоспарлануда.
Президент Sany Group CO. LTD директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ірі машина жасау компанияларының бірінің басшысымен кездесті. Тараптар «жасыл» энергетикадағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Корпорация жел электр станциясын іске асыруға қатысуда, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздеріне арналған мұнара, қалақ және гондола құрастыратын зауыт салу мүмкіндігін қарастыруда.
Қазақстан Президенті арнайы техниканы бірлесіп өндіру перспективасын атап өтті. Қытайлық компанияға республикада ЕАЭО нарығына арналған өңірлік орталық ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.