Көпқабатты түрғын үйден секіру, жардан құлау, құзға
өрмелеу, толқыны қатты ағынға тап болу. Ең күрделі трюктерді орындап, бірақ
көбіне көлеңкеде қалу – бұл каскадерлердің тағдыры. Тәуекелге толы мамандықта нәзік
жандылар да жиі кездеседі. Олардың бірі – қазақстандық Әлия Ысқақова. Ол «Nomad
Stunts» халықаралық кәсіби каскадерлер тобының мүшесі. Аса күрделі істі
кездейсоқ меңгергенін айтады. Бірде трюк қоюшылардың жаттығуына келген бұрымды қазір
команданың белді мүшесі. Алғашқы әрі ең қиын қойылымын «Мамырдың жеті күні» фильмінде
орындады. Бүгінде оның тәжірибесінде тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де
жүздеген түсірілімдер бар. Әлия – құзға өрмелеу бойынша халықаралық дәрежедегі
спорт шебері, таэквондодан спорт шеберіне үміткер, сондай-ақ «Кунг-фу»
сериалындағы трюктері үшін беделді кино марапатының иегері.
Әлия Ысқақова, каскадер:
- Көптеген трюктерді орындадым, негізінен төбелес
қойылымдары. Қабырғалар мен есіктерді бұзып өттім, тікұшақтан да секірдім. Дегенмен,
ең қорқыныштысы үлкен биіктіктен құлау болды. Себебі еш сақтандыру жабдығынсыз
орындалды. Төменде тек қораптар ғана жатты. Сол қадамды жасау қиын болғанымен
бәрі сәтті өтті.
Жайдарбек Күнғожинов, «Nomad stunts» каскадерлер тобының
жетекшісі:
- Әлия – ең үздік каскадерлердің бірі. Мен Францияда өткен «Намыс Дода» жарысына жаттықтырушы ретінде шақырту алғаным есімде. Оған ең мықты деген каскадерлерді жинадым. Бұл қатарда Әлия болды. Команданы іріктегенде оған таңдауым түскеніне еш өкінбедім. Ол намысты қолдан бермейтін өжет қыз. Бойында ер мінезділік, батылдық пен тұрақтылық бар екенін бірден байқадым.
«Nomad Stunts» тобында 73 каскадер бар, олардың ішінде
сегізі – нәжік жанды. Олардың тәжірибесінде «Наполеон», «Сұр үй» сериалы сияқты
ауқымды халықаралық жобалар бар. Сонымен қатар, Қазақстанда шамамен тоғыз және
Үндістанда екі жобаға қатысқан. Қазір команда «Golden Empire» атты
деректі-тарихи фильммен жұмыс істеп жатыр. Топ алдағы күндері Үндістанға
аттанады.

