Қазақстандық ғылыми журнал Орталық Азия және ТМД елдерінің ішінде алғаш болып әлемдегі ірі баспалардың бірі Elsevier тұғырнамасында жарық көрді. Отандық мерзімді баспаның базасына және электронды нұсқасына қосуға компанияның өзі өтініш білдірген. Бұл Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің деңгейі халықаралық дәрежеде мойындалып, жоғары бағаланғаны дейді, – сарапшылар.
Айта кетейік, ағылшын тілінде жарияланатын қазақстандық журналда отандық ғалымдардың ядролық физика, баламалы және сутек энергетикасы, физика мен жоғары энергия тақырыптарындағы ғылыми еңбектер басылады. Одан бөлек, әр мақала «Scopus» халықаралық ақпараттық базасына енгізіледі.
Қайрат Күтербеков, журналдың бас редакторы, ЕҰУ «Еуразиялық физика-энергетикалық зерттеулер және жоғары технологиялар институты» ҒЗИ директоры:
– Неге Elsevier дәл бізді таңдады? Себебі, Қазақстанда математика мен физика салаларына байланысты өте көп журналдар шығарылады. Біздің математикалық журнал жоғары орындарға ие. Біздің редакциялық коллегиямызда да тек білікті мамандар жинақталған. Барлығы әлемге әйгілі ғалымдар. Көптеген әлем елдерінің ғалымдары да бізбен тығыз байланыста жұмыс істейді. Elsevier бетінде жариялану қазақстандық журналдарға ғана пайда әкеліп қоймайды, бұл – бүкіл отандық ғылыми қауымдастықтың дәрежесін көтереді.