Бүгінде Қазақстан интеллектуалдық меншікті қорғауда ТМД елдері арасында көшбасшы елдердің қатарында. Бұл бағытта елімізде тиісті шаралар қабылдануда. Осылайша, елордада интеллектуалдық меншікті қорғау бойынша жазғы мектеп ашылды. Зияткерлік меншік жөніндегі дүниежүзілік ұйым бастамасы бойынша Қазпатент Ұлттық зияткерлік меншік институты 50 студент қабылдап, оқытуды бастап кетті.
Айта кетейік, жазғы мектеп осымен 3-рет өткізіліп жатыр. Қатысушылар арасында осы салада жұмыс істейтін заңгерлер мен Жоғары оқу орындарының оқушылары бар. Жазғы мектепке еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, бірқатар шет мемлекеттерден де қатысушылар келді. Атап айтсақ, Ресей, Молдова, Кавказ және Орта Азия елдері.
Іңкәр Шертышева, Ұлттық интеллектуалдық меншік институты Даму және халықаралық әріптестік басқармасының басшысы:
- Мәселен, бір оқушы немесе жасөспірім өте күшті зат, болмаса құрылғы ойлап тапты делік. Біз оны тек жаңалықтан көреміз. Себебі, көп жағдайда олар бізге өтінім жібермей жатады. Біз ол баланы іздеп, ұстазымен сөйлесіп, өтінім жіберуге шақырамыз. Осылайша, оның жасаған жаңа өнертабысы ресми тіркеліп, заңмен қорғалады.
София Рассказова, қатысушы:
- Мен Ресейде осы сала бойынша жұмыс істеймін әрі білімімді тереңдетіп келе жатырмын. Ал осы жазғы мектеп мен үшін өте қызық. Себебі, Ресейдегі және Қазақстандағы өзгешеліктерді білгім келді. Оның үстіне, интеллектуалдық меншікті қорғау үрдісі Қазақстанда көз ілеспес қарқынмен дамып келе жатқандығын білетінмін. Осы орайда, біліктілігімді арттырып, тәжірибе жинау үшін келдім. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін өзекті, әрі белсенді дамып келе жатқан салаларға да қатысты тереңірек білім алғым келеді. Бұл біздің болашағымыз, сондықтан оны түсіну қажет.