Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары AI технологиялары негізінде бірегей жобалар әзірлеуде. Олардың озық үлгілері Бейжіңде өткен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада жоғары бағаланды. Еске сала кетейік, тамыз айында қазақстандық оқушылар аспан асты елінде 7 медаль жеңіп алды. Топ жарған өрендердің дені Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінің шәкірттері. Мәселен, беделді білім додасына Тимур Шакуров медицина саласында жасанды интеллект қолданатын бірегей жоба әзірлесе, Әбу Қанатбек спорттық бағдарлау саласын жетілдіруге арналған тың бастама ұсынған.
Тимур Шакуров, Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы:
- Бұл жоба дәрігердің уақытын үнемдеп қана қоймай, диагноз қою кезінде барлық мүмкін факторларды ескеруге көмектеседі. Адам мыңдаған ауруды есте сақтай алмайды, ал жасанды интеллект соның бәрін талдап, ықтимал диагнозды пайыздық көрсеткішпен шығара алады.
Әбу Қанатбек, Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы:
- Біз Қазақстанда стартаптарды және осы олимпиадаларды дамытуымыз керек. Өйткені олимпиадалар арқылы біз жас таланттарды таба аламыз. Стартаптарды дамытып әлемдік аренаға шығамыз.
Физика-математика мектебінің оқушылары жақында Кембридж университетінде жасанды интеллект конференциясында да өз жобаларын таныстырды. Ендігі халықаралық олимпиада келесі жылы Абу-Дабиде өтеді. Оқушылар ел ішінде де өз әзірлемелерін сынай алады. Қазақстанда биыл жасанды интеллект бойынша республикалық олимпиада өтеді.

