Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы туралы ауқымды ғылыми монография жазылып жатыр. Бұл іске 30 астам қазақстандық ғалым жұмылдырылып жатыр. Қатарында дінтанушылар, исламтанушылар мен тарихшылар бар. Зерттеудің басты мақсаты - ойшылдың өмір жолын терең әрі жан-жақты зерделеу. Қазір Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының доценті Нұрлан Қайырбеков отандық ғалымдармен бірге зерттелмеген еңбектерді аударып, талдауда. Жоба аясында қолжазбалар, мұрағат деректері мен тарихи құжаттар жинақталып, халықаралық ғылыми басылымдарға ұсынылатын мақалалар да әзірленбек. Нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен оның түркі халықтарының мәдениеті, дәстүрі және ислам өркениетінің дамуына қосқан үлесі туралы ірі ғылыми еңбек жарық көреді. Зерттеу жұмыстары Қазақстанмен шектелмейді. Бірқатар шетел кітапханалары мен архивтерден құнды деректер табылуда.
Нұрлан Қайырбеков, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының доценті:
- Бұл мұраны зерттеу барысында біз Қазақстан аумағынан тыс жерлерде де бірнеше жұмыс жүргіздік. Яғни, Өзбекстанда болып, Ташкент, Бұхара, Самарқанд сияқты қалаларда зерттеу жасадық. Сондай-ақ Түркияда да болдық, Анкара мен Ыстанбұл қалаларындағы кітапханалардан қажетті материалдарды таптық. Қожа Ахмет Ясауи ілімінің мұралық географиясы өте кең және ол барлық түркі халықтарын қамтиды.

