Қазақстан Президенті жұмыс тобымен конституциялық реформаны талқылады

Қазақстан Президенті жұмыс тобымен конституциялық реформаны талқылады

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында Мемлекеттік кеңесші Жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндады. Сондай-ақ Ерлан Қарин Жұмыс тобы мүшелерінің ортақ пікірін жеткізіп, бұл өзгерістер саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртуға ықпал ететінін айтты. Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев былтырғы қазан айынан бері өтіп келе жатқан отырыстарда жаңа Парламентке қатысты мәселелердің бәрі қаралғанын мәлімдеді. Оның ішінде депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері, сондай-ақ оның биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылды. Бірнеше ай ішінде саяси партиялардың барлығы, ондаған үкіметтік емес ұйым, бизнес-қоғамдастық өкілдері, құқықтанушы ғалымдар мен сарапшылар конституциялық реформаға қатысты бастамаларын жолдаған. Бұдан бөлек, азаматтардан саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге қатысты бір жарым мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Сонымен қатар, саяси партиялардың жетекшілері өңірлерде депутаттармен кездесулер барысында азаматтардың алдағы саяси реформаға айрықша қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы алдағы конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін еске салды. Осы кезең ішінде қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Нақтылай айтқанда, еліміздің сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа саяси тұрпаты қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?