Қазақстанда Minerals.e-qazyna.kz бірыңғай тұғырнамасы құрылады. Ол жайлы Үкіметте Өнеркәсіп және құрылыс министрі мәлімдеді. Электрондық жүйе елдің жер қойнауын пайдалану және геология саласын автоматтандырмақ. Бұл платформада инвестордың өтінім беруінен бастап, лицензия алуына дейін бар үрдіс цифрландырылған. Оны әзірлеуде Финляндия геопорталының моделі негізге алынды. Қанат Шарлапаев бұған дейін салаға инвесторларды тарту үшін елде интерактивті карта іске қосылып 66 мыңнан астам геологиялық есеп дайындалғанын тілге тиек етті. Отандық мамандар бұл бағыттағы деректерді сандық жүйеге келтіру үшін жасанды интеллект сынды ақпаратты өңдеудің инновациялық әдістерін қолдануда. Жалпы бұндай реформалар елге шетелдік инвесторларды көбірек тартудың қамы. Мәселен қазір 10 шақты халықаралық компания барлау жұмыстарын жүргізуге 41 млрд теңге құйған. Бұл 25 мың шаршы шақырымнан астам аумақты зерттеуді қамтамасыз етеді. Жалпы соңғы 5 жылда геология саласына 1 млрд доллар жеке инвестициялар тартылды.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі
- Тау-кен саласына келетін инвесторлар санын арттыру үшін Салық кодексінің жаңа жобасы шеңберінде роялти енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Роялти жайлы Дүниежүзілік банк өз ұсынысында атап өткен болатын. Минералды шикізатты сату құнына негізделген роялтиді енгізу, халықаралық тау-кен компаниялары үшін салық салудың ашықтығын және түсінікті механизмін қамтамасыз етеді.
Жеңіс Ермұқанов.

