Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми самиті әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмады. Шетелдік басылымдар жиынды цифрлық дәуірге бетбұрыс ретінде бағалап, қатысушы елдер көшбасшыларының саланы дамытуға қатысты ұсыныстарын атап өтті. Мәселен, «Euronews» халықаралық ақпараттық медиа сарапшылары саммитке толық шолу жасады. Басты назар технологиялар саласындағы бірлескен даму бастамасына аударылды. Мақала авторы түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласындағы жиынның тарихи-мәдени сабақтастығының маңызына ерекше тоқталып өтті.
Ал The Times of Central Asia талқылаулар - цифрлық платформаларға, жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларға, көлік дәліздері мен өнеркәсіптік ынтымақтастыққа бағытталғанын жазды. Онда Орталық Азия өңірі Еуропа мен Қытай арасындағы баламалы сауда дәлізі ретінде үлкен маңызға ие болып отырғаны айтылған. Бұл орайда негізгі буын Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Оның дамуы бірлестік елдері арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға және экономикалық ынтымқтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.
Anadolu түрік ақпараттық агенттігінің сарапшылары Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің негізгі міндеттерінің бірі гуманитарлық және технологиялық салалардағы бірлескен ғылыми бастамаларды дамыту екенін атап өтті. Мақалада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген ұсыныстар келтірілді. Олардың ішінде - Түркістанда Түркі өркениеті орталығын құру, жасанды интеллект орталықтарының желісін дамыту және Қазақстанның жаңа АІ-университетінде түркі елдерінің студенттері үшін гранттар бөлу жөніндегі тың бастамалар бар. Тілшілер қазіргі геосаяси жағдайда елдер арасындағы тұтастықтың нығаюы басты қаберге алынған саммит идеясының маңызына ерекше тоқталып өтті.

