Қорғаныс министрі Президент, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа армияның жауынгерлік дайындығының жай-күйі туралы баяндады. Руслан Жақсылықов жауынгерлік дайындық пен жеке құрамды оқытуға бағытталған негізгі күш-жігер жөнінде айтты.
Сонымен қатар Қарулы Күштердің дағдарыс жағдайында, оның ішінде қазіргідей су тасқынына қарсы күрес кезінде орталық және жергілікті билік органдарымен тиімді байланыс орнатуы маңызды екеніне назар аударылды. Президентке Қарулы Күштерді заманауи техникамен және қару-жарақпен жарақтандыру, аумақтық қорғаныс әскерлерін күшейту, әскери инфрақұрылымды жетілдіру ісі жөнінде мәлімет берілді.
Сонымен қатар Қорғаныс министрі Қазақстанның ШЫҰ мен ҰҚШҰ-на (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына) төрағалығы аясында 2024 жылға жоспарланған шаралар, сондай-ақ ауқымды оқу-жаттығу жиындарын, оның ішінде халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізу жайында баяндады.