Елордада KazAtomExpo ядролық технологиялар көрмесі өтті

Елордада KazAtomExpo халықаралық ядролық технологиялар көрмесі өтті. Ол Қазақстанда салынуы мүмкін Атом Электр Станциясының болашағына зер салуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетсек, еліміз негізгі 4 үміткерді қарастырып отыр. Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және ресейлік компаниялар осы жұмысты өз мойнына алуға дайын. Десе де, Қазақстан вендор компанияларға толықтай байланудан аулақ. Еліміз уран экспорты бойынша әлемде оқ бойы озық тұрғандықтан, отандық отын қолданылады. Бұл – басты талап. Оның үстіне, салынуы ықтимал атом электр станциясының кейбір компоненттері Қазақстандық кәсіпорындарда шығару көзделген. Сол себепті, осы салада жұмыс істейтін отандық компаниялар қатысып, болашақ жоспарларды бірлесе пысықтады.  

Ғұмар Серғазин, ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры:

– Бүгінде халық арасында ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізіліп жатыр. Ондағы мақсатымыз – кез келген азамат, компаниялар қандай технологиялар ұсынып жатқандығын өз көзімен көруі. Одан бөлек, жекелей осы компаниялардың тәжірибесімен, реактор үлгілерімен танысып көрсін деген ниетіміз бар. Олар өз елдерінде және шет мемлекеттерде қандай жобаларды жүзеге асырғандарын өз құлақтарымен компания өкілдерінен ести алады. Олардың барлығы ең заманауи 3+ технологиясын ұсынып отыр. 

Қазақстан билігінің аталмыш компанияларға қойылар тағы бір талабы қазақстандық мамандарды сатылы дайындау. Сондай-ақ, олар   қызметкерлердің біліктілігін арттыруға міндеттеді. Кадр тапшылығын жабуға  еліміздегі бірқатар жоғарғы оқу орындары да атсалысуда. 

Медеу Әбішев, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі:

– Өткен жылдан бастап Ядролық физика институтымен қосылып ядролық инженерия деген мамандық аштық. Ол жердегі мамандар – инженер мамандар. Яғни, Атом Электр Станциясында жұмыс істей алатын адамдар. Бұған дейін тек ғылыми бағыттағы физикаға негізделген мамандар, ғылыми жұмыспен айналысатын адамдарды даярлап келсек, енді нағыз инженерлік жұмыстарды атқаратын мамандар керек болады. 

Айта кетейік, Атом Электр Станциясының салыну-салынбау мәселесі жалпыхалықтық референдумда қаралады. Қазір, еліміздің әр өңірінде халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.