Астанада «Әл-Жазирамен бір апта» апталығы аяқталды. Алғаш рет Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің 80 астам студенті әлемдік медиакөшбасшының үздік мамандарының тәжірибесі мен заманауи журналистикадағы аса қажет инсайдтарын алып, бойына сіңіре білді. Курс соңында тренингке қатысушы әрбір тыңдаушы жобаларын қорғап, арнайы сертификатқа ие болды.
Айта кетейік, оқу курсы Қазақстан Президенті телерадиокешенінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Хадиша Елеусін, Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің студенті:
- Ең бастысы практика өттік. Осы тренинг барысында мен жалпы тележүргізушілікті таңдаған болатынмын. Сол жерде халықаралық журналистерден өте көп практика болды. Ең бастысы стресстік жағдай болғанда, мәселе туындаған кезде қалай шешуге болатынын үйрендік.
Әмина Қозыбақова, Мaqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің студенті:
- Мен Ресул Этэштің курсына қатыстым. Ол - тілші әрі жүргізуші. Ол қарулы қақтығыс алаңдарында, табиғи апат кезінде хабар таратқан адам. Сондықтан, аса бір қиын кездердегі өзінің жұмыс тәжірибесі туралы айтты. Бұл расында да қиын. Себебі, камера тұрмақ жанында көмектесетін адам да болмаған, Бұл – қиын болғанымен, өте керемет мамандық.
Университет провосты – Сергей Пеннің айтуынша, түйткілді ахуалды көтеруден, қарулы қақтығыс кезінде ұрыс даласынан хабар таратудан сескенбейтін бірден-бір телеарна мамандарының келіп дәріс беруі – болашақ қазақстандық журналистер үшін керемет мүмкіндік. Тек осылай ғана жаһандық стандарттардан қалыспауға болады, - дейді ол.
Сергей Пен, Maqsut Narikbayev University провосты:
- Біз бірден келісімге келіп, Әл-Жазира медиа институтымен меморандумға қол қойдық. Бұл бағдарлама институционалды, яғни, тұрақты болады деген сенімдеміз. Жылына кемінде 1 рет келіп Әл-Жазира мамандары осында тәжірибе алмасады. Осы бағдарламаның түлектері болашақта өз қауымдастықтарын құрады деген үмітіміз бар. Ондағы мақсат – университет студенттеріне ең жақсы мүмкіндіктер беретінімізді көрсету.
Айта кетейік, Халықаралық журналистика мектебі мұнымен шектеліп қалмақ емес. Әлемдегі жетекші ақпарат агенттіктерімен және телеарналармен дәл осындай мақсатта ынтымақтастық орнатуға ниетті.