Енді қандас мәртебесін алуға үміткерлер этникалық тест тапсырады

Енді қандас мәртебесін алуға үміткерлер этникалық тест тапсырады

Енді қандас мәртебесіне үміткер этникалық қазақтар молекулярлық-генетикалық сараптамадан өте алады. Бұл үміткердің тиісті құжаты болмаған жағдайда. Сонымен қатар, аталған мәртебені беру үшін - қазақ тілі мен салт-дәстүрлерін білуге бағытталған жүзбе-жүз немесе онлайн форматта әңгімелесу ұйымдастырылады. Барлығы шетелдегі қандастарға қолайлы жағдай жасаудың қамы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы ережелер әзірледі. Оған сәйкес, этникалық қазақтардың ұлтын әкімдіктер жанындағы арнайы комиссиялар анықтайтын болады. Комиссия құрамына көші-қон, білім беру, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары, этникалық қазақтар мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық бірлестіктер саласына жетекшілік ететін мамандар мен тілшілер, тарихшылар кіреді. Жоба «Ашық НҚА» сайтында көпшілік талқысына ұсынылды. Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 6 мыңға жуық этникалық қазақ «Қандас» мәртебесіне ие болды. Олардың басым бөлігі Қытайдан келді.