Қазақстанда жылжымайтын мүлік бойынша келісімдер саны қысқарған

Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығы күрделі кезеңдерді бастан өткеруде.  Соңғы екі айда сату мен сатып алу келісімдерінің саны екі есеге азайған. Сарапшылар мұндай көрсеткіштің болуына бірнеше факторды атады. Нақтыласақ, инфляция, ипотеканың қымбаттауы, көршілес елдерде болып жатқан оқиғалар, сондай-ақ зейнетақы жинағы шегінің екі есеге өсуі. Аталған себептердің барлығы дерлік Республикада тұрғын үй нарығының тұралап қалуына әкелді. Сарапшылардың айтуынша, жылжымайтын мүлік  нарығындағы ең рекордық келісім шарттары жыл басында жасалған. Мысалы қаңтар айында қазақстандықтар 33 мың мәмілеге қол қойса, ақпан айында оның саны 46,5 –ге дейін өскен. Ал наурыз айында рекордық көрсеткіш жаңарып, азаматтар арасында 68,7 мың келісім шарт жүзеге асырылған. Алайда, бұдан кейін сұраныс төмендей  бастаған.  Мәселен,  сәуір айында 23 процентке дейін төмендесе, мамыр айында сұраныс одан екі есе азайған. Десек те, бұған қарамастан елдегі пәтер бағасы шарықтауын тоқтатар емес.

Вячеслав Лазарев, құрылыс компаниясының бас директоры:

– Пәтер бағасы өсімін жалғастыруда. Себебі біз Ресейге қараймыз. Құрылыс материалдарының 30 проценті көрші мемлекеттен әкелінетіндіктен, баға 10-15-20 процентке дейін көтерілуін жалғастыра береді. Өздеріңізге белгілі 1 теңге қазір 9 рубльге жетіп отыр. Бұл ретте, айта кету керек сату бағасы қазір жеңілдік есебінен болғандықтан, баға тиісінше төмендейді, бұдан бірақ құрылысшылар қысым көреді.

Сала мамандарының айтуынша, үкімет азаматтарға тұрғын үйлерді сатып алу үшін түрлі жолдар ойластыруы қажет. Себебі, келісімдердің азаюы отандық құрылыс компанияларының банкротқа ұшырауына алып келеді. Ал бұның соңы жұмыссыздыққа әкеліп, ел экономикасына кері әсерін тигізеді.

Вячеслав Лазарев, құрылыс компаниясының бас директоры:

– Нақты біздің компанияның келісімдерінің саны бүгінде 25-30 процентке дейін түсіп кетті. Біз жалпы осы саладағы құлдырауды көріп отырмыз. Өз тарапымыздан азаматтардың сұранысын ұстап тұруға жағдай жасаудамыз, алайда жаңа мемлекеттік бағдарламалардың қосылуы секілді қосымша қолдау керек. Немесе проценттің көлемін өзгертуге болады, бұл да қосымша ынталандыру шарасы. Бұл жерде Үкіметтің бағдарламаны бекітіп, сақтап қалуы маңызды. Себебі жобалардың жұмысын тоқтату  жұмыссыздыққа алып келеді. Ал ел экономикасы үшін құрылыс саласының әрі қарай дами түсуі өздеріңіз білетіндей, өте маңызды.