Қазақстанда іске қосылған суперкомпьютердің арқасында жасанды
интеллект экожүйесі қарқынды дамып келеді. Бүгін мамандандырылған комиссия
отырысында мемлекеттік органдарды цифрлық трансформациялау және озық
технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды. Мәселен, еліміз QazTech
цифрлық платформасын тамыз айында іске қосуға дайын. Ол цифрлық өнімдерді жедел
әзірлеуге және енгізуге арналған. Бастысы - жаңа IT-шешімдерді іске қосу
мерзімін 1,5-3 жылдан 6 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Цифрлық даму
минстрінің айтуынша, ол өнімді әзірлеудің әр кезеңінде бірыңғай
стандарттарды, бұлтты технологияларды қолдануды және қауіпсіздікті қамтамасыз
етеді. Мемлекеттік органдардың деректерді өңдеу
орталығы таяуда іске қосылған суперкомпьютерге кіріктірілді. «Жасанды интеллект
туралы» Заң жобасы әзірленіп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов құрылып жатқан ұлттық жасанды интеллект
инфрақұрылымы автоматтандыру, үлкен деректерді талдау және зияткерлік басқару
үшін жаңа көкжиектер ашатынын атап өтті. Үкімет басшысы бір
айдың ішінде цифрлық трансформация карталарына қатысты жұмысты аяқтауды
тапсырды. Олар жасанды интеллектіні интеграциялауға негізі болмақ, сондай-ақ
бизнеске де мемлекеттік деректер базасында өз жобаларын жасауға мүмкіндік
береді.

