Қазақстандық оқушылардың ғарыштық жобасы Халықаралық байқауда үздік атанды

Қазақстандық оқушылардың ғарыштық жобасы Халықаралық байқауда үздік атанды

Қазақстандық оқушылар Юпитерден қалай қуат көзін алуға болатынын біледі. Назарбаев интеллектуалды мектебі оқушыларының «Icarus:Baiterek» жобасы Халықаралық Space Settlement Contest 2026 байқауында үздік атанды. Танымал ғылыми-инженерлік байқауға отыз елден 23 мың жас өнертапқыш қатысқан. Қазақстандық команда осы ғаламшар жүйесіндегі Каллисто орбитасына өздігінен жұмыс істейтін станция орнатуды ұсынды. Ол жасанды гравитацияны, суды тазарту жүйесін және хлорелла негізінде оттегі өндірісін қамтамасыз етеді. Станцияда ғарыштағы өмірді зерттеп қана қоймай, жаһандық мәселелерді шешуге болады. Мысалы, газ алпауытының жоғарғы қабаттарынан баламалы энергия көздерін алу арқылы қазбалы отынға тәуелділікті төмендету, оны өңдеп және Жерге шатлмен жеткізу ұсынылды.


Сабыржан Іңкәрбек, Алматы қ. НЗМ оқушысы:


- Біз Юпитерді таңдадық, өйткені біздің ойымызша бұл өте тиімді. Себебі Юпитердің айналасында көптеген серіктер бар. Олар бір-біріне жақын орналасқан, бұл әртүрлі ресурстарды игеру үшін олардың арасында еркін қозғалу өте ыңғайлы. Өйткені Юпитердің серіктерінде судан бастап минералдар мен энергияға дейін барлық ресурс бар. Менің ойымша, алдағы 50–100 жыл ішінде бұл идея өте өзекті болып, толықтай жүзеге асуы әбден мүмкін.


Жобалардың басым бөлігі Ай мен Марсты игеруге басымдық берсе де, соңғы ғарыштық бағдарламалардың көкжиегі кеңейіп келеді. Қазақстандық оқушылар Күн жүйесіндегі ең ірі планетаның қуатты атмосфералық үдерістерін пайдалануды ұсынған. Алматылық мектеп оқушылары адамзатқа Жерден тыс кеңістікте орнығуға болатынын айтып, сирек минералдарды терең зерттеуге мүмкіндік беретін «терең ғарыш қақпасын» жобалады.


Ерболат Ниятбай, Алматы қ. НЗМ директоры:


- Ғылымға енді қадам басқан оқушылар әрдайым ерекшеленуге тырысады. Бұл жерде олардың креативтілігі үлкен рөл атқарады. Бұған дейін қарастырылмаған осындай тұжырымдаманы ұсынуы – олардың «бұл жүзеге асуы мүмкін» деген батыл ойды алға тартып отырғанын көрсетеді.

Енді жас инженерлер АҚШ-қа аттанады. Олар осы жазда International Space Development Conference-те өз жобасын әлемдік деңгейдегі сарапшылар алдында қорғайды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?