Қазақстанда жаңартылатын электр энергиясын өндіру 14,6 процентке жуық өсті. Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша елімізде 933 млн Квт/сағат электр энергиясы жасыл қуат көздерінен алынған. Оның жартысынан астамын жел электр станциялары өндірген. Қалған бөлігі күн, шағын су станцияларына және биоқондырғыларға тиесілі, деп хабарлайды finprom.kz. Қазіргі көрсеткіш елімізде өндірілген электр қуатының жалпы көлемінің 3 процентін ғана құрайды. 2030 жылы Қазақстан бұл көлемді 15 процентке жеткізуді жоспарлап отыр. Сектордағы қуат өндіру көрсеткіштері бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 33-ші орын алады. Жасыл энергия генерациясы бойынша үздік үштікке Норвегия, Бразилия және Жаңа Зеландия кіреді.