Қазақстан мен Литва арасында сауда көлемі екі есе артты

Қазақстан мен Литва инвестициялық, сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі. Тараптардың бұл ниеттерін елордада кездескен қос елдің сыртқы істер министрлері қуаттады. Мемлекеттер қазір өзара алыс беріс, барыс-келісті ұлғайту қамында бірлесіп логистиканы әртараптандыру жөнінде уағдаласып жатыр. Бұл орайда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін барынша кәдеге жарату жолдары қарастырылуда. Ол үшін алғышарттар да, әлеует те жеткілікті. Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айында ғана дәстүрлі логистикалық тізбектердің бұзылуына қарамастан екі жақты тауар айналымы 500 миллион доллардан асқан. Былтырдың сәйкес кезеңінде сауда бұдан 2 есеге аз жасалған. Бір-біріне инвестиция құю жағы  қарқын алып келеді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

Бүгінде қазақстандық нарықта 170-ке жуық литвалық компания бар. Өз кезегінде Литвада Қазақстанның қатысуымен ондаған компаниялар жұмыс істейді. Ұшқыштарды даярлау, электроника және медициналық жабдықтар өндіру, пайдаланылған мотор майларын қайта өңдеу және басқа да салаларда бірлескен инвестициялық жобалар іске асырылуда.

Габриэлюс Ландсбергис, Литва сыртқы істер министрі:

Литва ақпараттық коммуникациялық технологиялар, цифрландыру, жасыл және жаңартылатын энергетика салалары бойынша өз тәжірибесі және тың жобаларымен бөлісуге дайын. Бұл Литва елінің халықаралық деңгейде танылған бағыттарының бір ғана бөлігі. Менімен келген үлкен делегация литвалық бизнестің әріптестік орнатуға үлкен қызығушылық танытып отырғанының белгісі. Себебі, Қазақстанның бай табиғи қоры мен географиялық орналасуы ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.