Астанада NURIS инновациялық кластерінің 24 стартап жобасы таныстырылды

«NURIS» инновациялық кластерінің бизнес-инкубация және акселерациялық бағдарламалары түлектерінің 24 стартапын таныстырды. Әзірлемелер алдымен арнайы көрмеде ұсынылды. Кейін үздік жоба авторлары тың бастамаларының ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін арнайы қазылар алқасының алдында паш етті. Қоғамдық маңызға ие өзекті жобаларды еліміздегі венчурлік қорлар мен ірі компаниялардың өкілдері саралады. Яғни әлеуетті инвесторлар таңдауына түсті. Demo Day қатысушыларының басты мақсаты да осы – өз идеясын жүзеге асыруға қаражат тартып, өндіріс жолына қою.

Абзал Дәрібаев, NURIS инновациялық даму жөніндегі директоры:

– Әзірге бұл жобалардың дамуы жайында айту ертерек. Қазір олар түрлі венчурлік қорлармен келіссөздер жүргізіп, әріптестік орнатып жатыр. Инвестиция тартқаннан кейін тағы 2-3 жыл ішінде бастамалары қаншалықты сұранысқа ие болғанын көреміз. Қандай отандық немесе шетел нарықтарына шыға алғаны белгілі болады. Көбінің көздегені сырт елдердің нарқын бағындыру. Мәселен үш жыл бұрынғы түлектеріміздің кейбірінің өнімдері Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея және т.б. шетелдік нарықтардан табылады.

Аталған бағдарламаны сәтті аяқтағандардың бірі Кәмила Қышқашбаева. Жас өнертапқыш шаруалардың бас ауруына айналған алқаптардағы зиянкестерден арылуға мүмкіндік беретін автономды робот жобасын ұсынып отыр. Жасанды интеллектке негізделген бірегей инновациялық құлтемір компьютерлік көзбен жабдықталған. Оның мүмкіндіктерін сұранысқа сай әлі де кеңейтуге болады.

Кәмила Қышқашбаева, жобаның негізін қалаушы

– Қазір қазақстандық компанияның бірімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ендігі мақсат – олармен нақты келісімге тұру. Бұл пилоттық жоба болмақ. Кейін жыл соңына дейін тағы 5 сатылым бойынша шарт жасасуды көздеп отырмыз. Ал 2025 жылы ТМД нарығына шықпақ ойымыз бар. Бүгінде жобамызға жалпы 18 мың доллар көлемінде қаржы тарттық.

Айта кетейік, бизнес-инкубация және инновациялық кластерді акселерациялау бағдарламалары іске қосылғанына 8 жыл болды. Осы аралықта 300 жуық кәсіпкер арнайы оқытудан өтті. Олардың стартаптары жалпы есепте 3 млрд теңгеден астам инвестиция тартқан.