Орта Азия аймағының тұрақты дамуының жолы – өзара ынтымақтастық. Азия елдері ғалымдары серіктестігінің маңыздылығы туралы Астанада президент орталығы мен ЮНЕСКО-ның Өңірлік кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған халықаралық конференцияда айтылды. Сарапшылардың пікірінше, ынтымақтастық бірлескен зерттеулерді кеңейтуге, және инновациялық идеялармен алмасуға ықпал етеді.
Сондай-ақ технологиялық әзірлемелерді енгізу өңірдің көшбасшылыққа шығуына мүмкіндік береді. Бұл ретте ғылыми қызметке жастарды тарту қажет. Мамандардың айтуынша, елімізде 22 мыңнан астам ғалым бар, олардың жартысынан азы – жас кадрлар. Шетелдік сарапшылар бұл жағдайды оң жағына өзгерту мақсатында өздерінің тәжірибе және әдістерімен бөлісті.
Мақсат Байбеков, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО аймақтық кеңсесінің бағдарламалар жетекшісі:
– Біз өз тарапымыздан жастар үшін платформа рөлін атқармақпыз. Біз жастарды тәжірибелі ғалымдармен түйістіре отыра олардың кәсіби біліктілігін арттырып, ойын ашық білдіре алатын алаң да құрмақпыз. Осы арқылы жастар өз ойын үкіметке, мемлекетке жеткізе алады. Қазіргі басты мақсатымыз – осы. Себебі, жастардың пікірімен санасуымыз қажет.