Қазақстанда осы жылдың соңына дейін құрылыс саласын толық бақылайтын бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылады. Ортақ платформада қолданыстағы барлық порталдар біріктіріледі. Яғни, бір алаңда «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша құрылысты жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі өзекті ақпараттың барлығы жинақталады. Үкіметте Қазақстан құрылыс саласының цифрлық эко жүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды. Жалпы бүгінде еліміздегі инженерлік инфрақұрылымның 90% астамы сандық үлгіге көшірілген. Қазір 89 қалада рұқсат құжаттарын, техникалық шарттарды беру қашықтан жүзеге асырылып жатыр. Үлестік құрылыстың бірыңғай тізімі жасалды. Сондай-ақ, бұдан былай жаңадан бой түзейтін ғимараттың бастапқы жобасы мен салыну мақсатынан ауытқымауы үшін нысанға бірегей нөмір енгізіледі. Заңсыз құрылыспен күресте жасанды интеллектіні кәдеге жарату көзделіп отыр.
Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Қала құрылысы жобаларына қайшылық фактілері анықталған жағдайда, жүйе
мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына қажетті шараларды қолдану үшін
хабарлама жіберілетін болады. Бұл технология қажетті құжаттарсыз заңсыз
құрылысты анықтаудың қосымша құралы болмақ. Осы пилоттық жобаны 2025-ші жылы
аяқтауды жоспарлап отырмыз. 2026-шы жылы оны заңнамалық тұрғыдан бекітуді және
өңірлерге тарату қарастырылған.

