Қазақстанда жаңа оқу жылы басталды

Қазақстанда жаңа оқу жылы басталды

Жаңа оқу жылында 4 млн-ға жуық қазақстандық оқушы мектеп партасына отырды. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бірінші сыныпқа 360 мың бүлдіршін барды.

Айта кетейік, 90 мыңға жуық бала енді жаңа оқу ордаларында білім алады. 200 мың оқушы күрделі жөндеуден өткен мектептерге ауысты. 1 қыркүйекте осындай 178 білім ошағы есігін ашты. Сонымен қатар, мыңдаған ауылдық мектеп реконструкцияланды. Өңірлерде пәндік сыныптар жаңартылып, модернизацияланды.

Атап айтсақ, 1,5 мың жаңа сынып қажетті қондырғы, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Тағы бір айта кетерлігі, тоғыз «Жайлы мектеп» ашылды. Жыл соңына дейін тура осындай тағы 217 білім ордасын ашу жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, «Жайлы мектеп» жобасы Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

– Барлық мектептерді жоғары жылдамдықты ғаламтор желісімен қамтамасыз ету үшін 1731 оқу ордасында STARLINK жер серіктік интернеті орнатылды. Осы қолға алынған шаралардың арқасында мектептердегі ғаламтор сапасы 3 есе артты. Оқулықтардың 100 пайызы 111 тұғырнамада цифрлық форматқа ауыстырылды. Қазіргі уақытта министрлік мемлекеттік жалпы білім беру стандартын жасау үшін жасанды интеллект енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр.